Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ұшақ апатын зерттеуге АҚШ мамандары тартылды

Алматы маңында болған ұшақ апаты орнынан мәйіттерді жинастырып жүрген құтқарушылар. Алматы маңы, 29 қаңтар 2013 жыл.
Алматы маңында болған ұшақ апаты орнынан мәйіттерді жинастырып жүрген құтқарушылар. Алматы маңы, 29 қаңтар 2013 жыл.
SCAT компаниясының Алматы маңында құлаған CRJ-200 ұшағының апатқа ұшырау себептерін зерттеуге АҚШ мамандары тартылған.

Бүгін парламент мәжілісінің отырысында сөйлеген Қазақстан көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевтың айтуынша, ұшақ апатын қазақстандық мамандар, халықаралық және мемлекетаралық ұйымдардың қызметкерлері тексеріп жатыр.

Бұған дейін ұшақтың "қара жәшігіндегі" жазбаларды тексеру қорытындысында ұшақ құлар кезде оның өлшеу аспаптарының істен шыққаны туралы болжамның "расталмағаны" хабарланған еді.

2013 жылы қаңтардың 29-ы күні Алматы маңында SCAT компаниясына тиесілі Көкшетау-Алматы бағытымен ұшып келе жатқан Challenger-200 ұшағы құлап, борттағы 5 экипаж мүшесі және 16 жолаушы қайтыс болған еді.

Басқа да жаңалықтар

Пентагон өкілі АҚШ Украинаға қосымша қару-жарақ жөнелтеді деп мәлімдеді

АҚШ қорғаныс министрлігінің өкілі Шон Парнелл
АҚШ қорғаныс министрлігінің өкілі Шон Парнелл

АҚШ Украинаға қосымша қару-жарақ жібермек. Мұны 7 шілде күні кешке Пентагон өкілі Шон Парнелл мәлімдеді.

"Президент Трамптың нұсқауы бойынша, Қорғаныс министрлігі Украинаға өз-өзін қорғау қабілетін қамтамасыз ету мақсатында қосымша қорғаныс қару-жарағын жөнелтеді. Біз бейбітшілік орнап, адам өлтіру тыйылғанына қол жеткізу үшін жұмыс істеп жатырмыз", – деді Шон Парнелл.

Ол АҚШ әкімшілігі әлем бойынша қару жеткізу мәселесін "Америка бәрінен маңызды" стратегиясына сәйкестігі тұрғысынан бағалауды жалғастырып жатқанын атап айтты. Қандай қару түрлері жөнелтілетінін нақтылаған жоқ.

Дүйсенбі күні Вашингтонда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездескен кезде АҚШ президенті Дональд Трамп Киевке қару жіберу ниеті барын мәлімдеген.

"Олардың өздерін қорғауға мүмкіндігі болуы тиіс", – деген Трамп, негізінен қорғануға арналған қару жүйелеріне басымдық берілетінін айтқан.

Бұған қоса ол Ресей президентінен көңілі қалғанын тағы да қайталап: "Мен президент Путинге мүлде разы емеспін", – деген.

Ресейде "Росгвардия" басшысының бұрынғы орынбасары тұтқындалды

Ресейде "Росгвардия" басшысының бұрынғы орынбасары тұтқындалды
Ресейде "Росгвардия" басшысының бұрынғы орынбасары тұтқындалды

7 шілде күні Ресейдің Тергеу комитеті "Росгвардия" басшысының бұрынғы бірінші орынбасары, генерал-полковник Виктор Стригунов тұтқындалды деп хабарлады. Тергеу комитетінің дерегінше, оған қызмет өкілетін теріс пайдалану және аса ірі көлемде пара алу айыптары тағылып отыр. Стригунов тергеу изоляторына қамалған. Оның нақты қашан ұсталғаны туралы ақпарат берілген жоқ.

Комитет хабарламасына қарағанда, Стригуновтың үстінен қылмыстық іс Кемеров облысындағы оқу орталығы құрылысына бөлінген қаражатты жымқыруға байланысты қозғалған. Құрылысқа қатысты келісімшарт 2014 жылы жасалған, сол кезде жобаны Стригунов қадағалаған. Оқу орталығы сол күйі салынған жоқ, ал мемлекетке келген шығын көлемі – шамамен 2 миллиард рубль деп айтылып отыр. Бұған қоса Стригуновқа 2012-2014 жылдар аралығында коммерциялық ұйымдардың өкілдерінен 66 миллион рубльден астам пара алған деген айып тағылған. Стригунов өзіне тағылған айыпты мойындады ма, жоқ па, ол жайында ақпарат жарияланған жоқ.

Виктор Стригунов бұрын Ішкі істер министрлігі ішкі әскерінің бірқатар бөлімін басқарған. Кейін ішкі әскер "Росгвардияға" айналған соң Стригунов қызметін осы жаңа құрылымда жалғастырған. Ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың Новосибирскідегі штабы Виктор Стригунов жайлы бір зерттеу жариялаған. Белсенділер Стригуновтың әйелінің иелігінде қымбат жылжымайтын мүлік барын айтқан.

2023 жылы Виктор Стригунов "Росгвардия" басшысы Виктор Золотовтың бірінші орынбасары қызметінен босатылып, оның кеңесшісі болып тағайындалған. "Росгвардия" Украинаға қарсы басқыншылық соғысқа қатысқанына байланысты Стригунов бірқатар шет мемлекеттердің санкция тізіміне енгізілген.

АҚШ "Хайят Тахрир әш-Шам" тобын террористік ұйымдар тізімінен шығарды

АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) Сирияның уақытша жетекшісі Ахмед әш-Шараамен кездесіп тұр. Эр-Рияд, Сауд Арабиясы, 14 мамыр, 2025 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) Сирияның уақытша жетекшісі Ахмед әш-Шараамен кездесіп тұр. Эр-Рияд, Сауд Арабиясы, 14 мамыр, 2025 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі сириялық "әл-Нусра майданы" (кейінгі кезде "Хайят Тахрир әш-Шам" деп аталып жүрген) исламшылдар тобын шетелдік террористік ұйымдар тізімінен ресми түрде алып тастады. Бұл жөнінде 7 шілде күні АҚШ мемлекеттік департаменті хабарлады. Тиісті бұйрыққа мемлекеттік хатшы Марко Рубио осыдан екі апта бұрын, 23 маусымда қол қойған, ол сейсенбі, 8 шілде күні жарияланып, күшіне енбек.

Reuters агенттігінің мәліметінше, бұл шешім Сирияға қарсы осыған дейін салынған санкцияларды алып тастау жолындағы маңызды қадам деп бағаланып отыр. Бұған дейін президент Трамп аталған санкцияларды алып тастауға пәрмен берген.

"Әл-Нусра майданы" бұрын АҚШ пен өзге де көптеген елдерде террористік деп танылған "әл-Қаида" ұйымымен тығыз байланыста болған. Алайда кейінгі жылдары "әл-Нусра" өз атауын "Хайят Тахрир әш-Шам" деп өзгертіп, "әл-Қаидадан" іргесін аулақ салып, өзін Башар Асад режиміне қарсы тұрған негізгі оппозициялық күш ретінде көрсетіп жүр.

Былтыр желтоқсан айында Сирияда Асад режимін құлатқан кезде дәл осы топтың қарулы жасақтары шешуші рөл атқарды. Ал ұйымның көшбасшысы Ахмед әш-Шараа Сирияның уақытша президенті болып жарияланды. Ол мемлекетте зайырлы басқару жүйесін сақтап қалуға және Батыспен қарым-қатынасты дамытуға ниетті екенін мәлімдеді. Сонымен бірге, қарулы топтар Сирия армиясының құрамына енеді деп айтылды.

Мұның алдында АҚШ билігі Ахмед әш-Шарааны терроризмге байланысты күдікті ретінде іздеуде жүрген адамдар тізімінен шығару жөнінде шешім қабылдаған еді.

Биыл мамыр айында президент Трамп Эр-Риядта Сирияның жаңа басшысы Ахмед әш-Шараамен кездесті. Сол кездесуден кейін Трамп Асад билігі кезінде Сирияға қарсы салынған санкцияларды алып тастау қажет деген. Еуропа одағы да Сирияға қарсы санкцияларды жою жайлы шешім қабылдап, елді ұзақ уақытқа созылған азамат соғысынан кейін қалпына келтіру ісіне көмектесуге ниет білдірген.

Ұлыбритания Ресейге қарсы санкция тізімін химиялық қаруға байланысты ұлғайтты

Жас ағызатын CS газы толтырылған құты. OPCW ұйымы жариялаған фото.
Жас ағызатын CS газы толтырылған құты. OPCW ұйымы жариялаған фото.

2025 жылғы 7 шілдеде Ұлыбритания Украинаға қарсы соғыста химиялық қару қолданылған деген болжамдарға байланысты Ресейдің екі жеке тұлғасына және бір ұйымына қарсы санкциялар енгізді. Жаңартылған санкция тізімі Ұлыбритания үкіметінің ресми сайтында жарияланды.

Санкцияға Мәскеу маңындағы Сергиев Посад қаласында орналасқан Ресейдің қолданбалы химия ғылыми-зерттеу институты ілікті. Оған қоса, Ресей қарулы күштерінің радиологиялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскері бастығы Алексей Ртищев пен оның орынбасары Андрей Марченко да санкция тізіміне енгізілді.

Санкция тізіміне берілген түсіндірмеде Ресейдің қолданбалы химия институты "Украинаға қарсы соғыста қолданылып жатқан улы заттармен жабдықталған оқ-дәрілерді әзірлеумен айналысатыны, ал Ртищев пен Марченко химиялық қару қолдануға қатысқаны" айтылған.

Былтыр күзде АҚШ-тан кейін Ұлыбритания да Ресейді майданда хлорпикрин қолданды деп айыптаған. Бұл затты Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйым (Organisation for the Prohibition of Chemical Weapons, OPCW) химиялық қаруға жатқызған. Хлорпикрин адамның жүйке жүйесін зақымдайтын ең қауіпті улы заттарға жатпайды, бірақ ол адам ағзасын қатты тітіркендіріп, ал егер көп мөлшерде болса тұншықтырып тастайды.

Сол жолы Ұлыбритания Ресей әскері Украинада химиялық қару қолданған болуы мүмкін деген күдікпен Ресейдің үш мекемесіне және бір азаматына қарсы санкция жариялаған еді. Санкция тізіміне Ресей қорғаныс министрлігінің 27-ші және 33-ғылыми-зерттеу орталықтары, Ресей қарулы күштерінің радиологиялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскері және оның сол кездегі басшысы Игорь Кириллов енгізілген. Кириллов 2024 жылдың желтоқсанында жарылыс салдарынан қаза тапты. Енді оның орнын басқан Алексей Ртищев те Ұлыбритания санкциясына ілініп отыр.

Ресей армиясы бас штабы бастығының бұрынғы орынбасары 17 жылға сотталды

Ресей қарулы күштері бас штабы бастығының бұрынғы орынбасары генерал-полковник Халил Арсланов
Ресей қарулы күштері бас штабы бастығының бұрынғы орынбасары генерал-полковник Халил Арсланов

7 шілде күні Ресейдегі 235-гарнизондық әскери сот Ресей қарулы күштері Бас штабы басшысының бұрынғы орынбасары, генерал-полковник Халил Арсланов 17 жылға бостандығынан айырып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуді және сотталушыға шамамен 25 миллион рубль айыппұл салуды міндеттеді. Мұндай ақпаратты ТАСС агенттігі хабарлады. Мемлекеттік айыптаушы соттан Арслановқа 19 жыл түрме жазасын сұраған.

Әскери сот Халил Арслановты аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны және 12 миллион рубльден астам пара алғаны үшін айыпты деп таныған.

Халил Арсланов 2013 жылдан 2020 жылға дейін Ресей қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары және Байланыс бас басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. Ол 2020 жылдың ақпан айында, Ресей Украинаға қарсы ауқымды соғыс ашардан екі жыл бұрын ұсталып, қамауға алынған. Сол жылдың сәуір айында қызметінен ресми түрде босатылған.

Тергеу қорытындысы бойынша, Арсланов және осы іске байланысты айып тағылған басқа да адамдар "Воентелеком" компаниясымен спутник байланысы жабдықтары мен мониторинг орталықтарын қымбат бағада жеткізу жөнінде мемлекеттік келісімшарттар жасасқан. Арсланов өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Бұған қоса, Ресей қарулы күштеріне "Азарт" радиостанцияларын жеткізу барысында алаяқтық жасау дерегі бойынша Арслановтың үстінен тағы бір қылмыстық іс қозғалған, ол істің тергеуі әлі жалғасып жатыр.

Әскери қызметін 1981 жыл бастаған Халил Арсланов генерал-полковник шеніне дейін өскен. Ол Сириядағы соғысқа да қатысқан.

Кейінгі бір жыл ішінде Ресейдің қорғаныс министрлігі мен армиясының бірқатар жоғары шенді өкілдерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бірақ Арсланов ісі бұл істермен тікелей байланысты емес, ол әлдеқайда бұрын ісі болып, Украинаға қарсы соғыс басталмай тұрып қамауға алынған.

Трамп Қазақстан мен өзге елдердің басшыларына баж салығы жайлы хат жолдады

АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп бірқатар елдің басшыларына ресми хат жолдап, 2025 жылдың 1 тамызынан бастап осы елдерден әкелінетін тауарларға жаңа импорт баж салығы енгізілетінін хабарлады. Трамп осы хаттардың көшірмелерін Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.

Қазіргі уақытта мұндай хаттар Жапония, Оңтүстік Корея, Қазақстан және Малайзия елдері басшыларына жіберілгені белгілі. Бұл елдерге баж салығы – 25% мөлшерінде, Лаос пен Мьянмаға – 40%, ал Оңтүстік Африка Республикасына – 30% көлемінде белгіленген. Ақ үйдің хабарлауынша, жалпы осындай мазмұндағы хаттар 10-нан астам елдің басшыларына жолданған.

Сонымен қатар, Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Левит президент Трамп сауда келісімдеріне қол жеткізу мерзімін 9 шілдеден 1 тамызға ауыстыру жайлы жарлыққа қол қояды деп хабарлады. Бұл келісімдер АҚШ тарапынан баж салығының өсуіне жол бермеу үшін маңызды.

Әлеуметтік желіде көшірмесі жарияланған хаттарда Трамп АҚШ-тың өзге елдермен сауда жасауға мүдделі екенін мәлімдеп, қазіргі сауда қатынастары АҚШ-қа тиімсіз екенін айтқан. Президент 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілетін баж салығының мөлшерін хабарлап, бұл көрсеткіш болашақта АҚШ пен тиісті ел арасындағы қарым-қатынасқа байланысты өзгеруі мүмкін екенін ескерткен.

7 шілде күні Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Левитт президент Трамптың сауда келісімдері бойынша соңғы мерзімді 9 шілдеден 1 тамызға ауыстыру туралы жарлыққа қол қоятынын растады.

Биыл қаңтарда АҚШ президенті лауазымын атқаруға кіріскеннен кейін Трамп шет мемлекеттерге жаңа баж салығын енгізетіні немесе енгізуге ниетті екенін бірнеше рет мәлімдеген. Ол мұндай шешім АҚШ басқа елдермен саудада есе жіберіп отырғандықтан қабылданады деп түсіндіріп, сол елдердің жүргізіп отырған сауда саясаты Америкаға тиімсіз деп мәлімдеген.

Сәуір айының басында Трамп АҚШ-пен сауда-саттық жасап отырған көптеген елге 10% мөлшерінде баж салығын енгізіп, кейбір мемлекеттерге базалық мөлшерлемеге қосымша үстемелер белгілеген. Бірақ бір аптадан соң, АҚШ үкіметі басқа елдермен сауда келісімдеріне қол жеткізу мақсатымен әлгі шешім 9 шілдеге дейін күшіне енбей тұра тұрады деп хабарлаған. Қазіргі кезге дейін АҚШ ондай келісімді тек Ұлыбританиямен және Вьетнаммен жасасқан, Қытаймен де бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілген. Еуропа одағымен келіссөздер жалғасып жатыр, Reuters дереккөздерінің хабарлауынша, Трамп әзірге Еуроодақ басшылығына баж салығы жайлы хат жіберуді жоспарлап отырған жоқ.

Трамп сондай-ақ Бразилияда өткен БРИКС саммиті жөнінде пікір білдіріп, егер бұл бірлестік мүшелері "антиамерикалық" саясат жүргізетін болса, оларға қосымша 10% көлемінде баж салығын енгізетінін ескертті. БРИКС құрамына Ресей де кіреді, алайда бастапқы баж салығы туралы хабарландыруда бұл ел аталмаған. Ақ үй мұның себебін АҚШ қазіргі санкцияларға байланысты Ресеймен сауда-саттық жасап отырған жоқ деп түсіндірген.

Қазақстан бокс құрамасы медаль саны бойынша World Boxing-те екінші орынға шықты

Боксшы Айбек Оралбай Париж олимпиадасында. 2024 жыл.
Боксшы Айбек Оралбай Париж олимпиадасында. 2024 жыл.

Бокстан Қазақстанның ұлттық құрамасы World Boxing-те медаль саны бойынша екінші орынға көтерілді. Бұл жөнінде Vesti.kz жазды. Астанада өткен турнирде айқын басымдықпен көш бастаған соң Қазақстанның көрсеткіші жақсарған. Жексенбі, 6 шілде аяқталған турнирде ел боксшылары 8 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль алды. Қазақстан құрамасынан алтын медаль алған спортшылар:

  • Санжар Тәшкенбай (50 кг)
  • Махмұд Сабырхан (55 кг)
  • Сабыржан Аққалықов (75 кг)
  • Бекзат Нурдәулетов (85 кг)
  • Айбек Оралбай (90 кг-нан жоғары)
  • Назым Қызайбай (48 кг)
  • Виктория Графеева (60 кг)
  • Наталья Богданова (70 кг)

Соның арқасында Қазақстан әлем кубогының жалпы медаль есебінде бесіншіден екінші орынға көтерілді. Құрама қожынында қазір жалпы 11 алтын, 7 күміс, 7 қола медаль бар.

Көш басында Өзбекстан құрамасы тұр, оның нәтижесі: 12 алтын, 4 күміс, 11 қола медаль. Үшінші орында Польша, төртінші – Бразилия, бесінші – Италия келеді.

World Boxing бойынша әлем кубогының бұдан бұрынғы кезеңдері биыл Бразилия мен Польшада болған. Үшіншісі Қазақстанда өтсе, төртіншісі биыл қарашада Үндістанда ұйымдастырылмақ.

World Boxing боксты 2028 жылы Лос-Анд\желесте өтетін Олимпиада бағдарламасына енгізу мақсатында IBA-дың (Халықаралық бокс қауымдастығы) баламасы ретінде құрылған. Ұйымның сайтындағы ақпаратқа сәйкес, 2023 жылы қарашада құрылғанда оның құрамында 27 ел болса, қазір World Boxing-ке 111 елдің ұлттық құрамасы кіреді. Оның олимпиада комиссиясын әйгілі қазақстандық боксшы Геннадий Головкин басқарады.

Ресейде бүгін отставкаға кеткен министрдің мәйіті табылды

Роман Старовойт, 2019 жыл.
Роман Старовойт, 2019 жыл.

Бүгін отставкаға кеткен Ресейдің бұрынғы көлік министрі Роман Старовойт өлі күйінде табылды. Бұл туралы "Коммерсант" газеті мен Shot және "112" телеграм-арналары хабарлады. Тергеу комитеті шенеунік қаза тапқанын растады.

"Бүгін Одинцово қалалық округінде жеке автокөліктен Ресей Федерациясының бұрынғы көлік министрі Роман Владимирович Старовойттың оқ жарақатын алған мәйіті табылды" делінген ведомство хабарламасында. Мәйіттің қасында қару жатқан.

Өлім себептері нақты айтылмайды. Кей ақпарат құралдары ол тіпті отставкаға жіберілерден бұрын-ақ өмірден еткен болуы мүмкін деген дерек келтірді.

Mash арнасының жазуынша, экс-министр қозғалған қылмыстық іске бола өз-өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін. Арна дереккөзіне сүйенсек, Старовойт аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікке ілінген.

"Коммерсант" басылымы дереккөзінің айтуынша, Украинамен шекарада қорғаныс нысандарын салуға бөлінген кемінде 1 миллиард рубльді жымқыру ісінің фигуранттары Старовойтқа қарсы куәлік берген. Олардың арасында Курск облысының бұрынғы губернаторы Алексей Смирнов та бар деген ақпарат бар.

Mash арнасы "Тергеу Роман Старовойттың облыс ауруханаларына дәрі-дәрмек сатып алу саласындағы заңбұзушылықтарға және Курскідегі сәтсіз көлік реформасына қатысы бар-жоғын да тексеріп жатыр" деп хабарлайды.

Ресей президенті Роман Старовойтты 7 шілде қызметінен босатқан. Ол көлік министрі қызметіне былтыр мамырда тағайындалған. Мұның алдында ол Курск облысының губернаторы қызметін атқарған.

Техаста тасқыннан қаза тапқандар саны 82 адамға жетті

Тасып жатқан Гуаделупе өзіне қарап тұрған адамдар. Техас, 6 шілде, 2025 жыл.
Тасып жатқан Гуаделупе өзіне қарап тұрған адамдар. Техас, 6 шілде, 2025 жыл.

АҚШ-тың Техас штатында болған су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 82 адамға жетті, олардың ішінде 28 бала бар. Ондаған адам әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Бұл жөнінде CNN телеарнасы хабарлады.

Қаза тапқан балалардың кейбірі Гуадалупе өзенінің жағасында орналасқан Camp Mystic атты жазғы христиан лагерінде демалып жатқан. Қазір кемінде 10 қыз бала мен бір мұғалім әлі де із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Жоғалғандары іздеу, құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

4 шілдеге қараған түні толассыз жауған нөсер салдарынан Гуадалупе өзені арнасынан асып кеткен. Су деңгейі небәрі 45 минут ішінде 8 метрге көтерілгені хабарланды.

АҚШ президенті Дональд Трамп Техасқа федералдық көмек көрсетуді жалғастыратынын, апат аймағына өзі де баруы мүмкін екенін айтты.

Гуадалупе өзенінде мұндай алапат су тасқыны шамамен 100 жылда бір рет болады. Соңғы су тасқыны 1987 жылы тіркелген, бірақ оның ауқымы бұл жолғыдан әлдеқайда кіші болған.

Алматы маңында үлкен есірткі зертханасы табылды

Алматы облысы Талғар ауданында фермерлік шаруашылық аумағында 35 мың доза мефедроны бар есірткі зерханасы табылды. Бұл жөнінде Polisia.kz ақпарат порталы хабарлады.

Операцияны есірткі қылмысымен күрес басқармасы арнайы бөлім сарбаздары және облыстық прокуратура бірлесіп жүргізген. Тінту кезінде 11 келіден астам мефедрон (құны 1,6 млн доллар), 20 литр және 115 кг психотроптық заттар, сондай-ақ 2 тоннадан астам прекурсорлар тәркіленді. Бұл заттардан 120 кг синтетикалық есірткі жасау жоспарланған.

"Алдын ала есеп бойынша, полицейлер 200 мыңнан астам бір реттік дозаның заңсыз таралуына жол бермеді. Бұл есірткінің нарықтағы құны 3 миллиард теңгеден асады" деді өңірлік полиция басшысы Мейрам Әбікенов.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қылмыстық ортаға 17,5 миллион доллар шығын келтірілген.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүріп жатыр.

Қазақстанда есірткі өндіріп, таратқаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ресей дрондары Украинаның бірнеше аймағын шабуылдады. Қаза тапқандар бар

Украинаның Харьков қаласына Ресейдің дрон шабуылынан кейінгі жағдай. 7 шілде, 2025 жыл
Украинаның Харьков қаласына Ресейдің дрон шабуылынан кейінгі жағдай. 7 шілде, 2025 жыл

Дүйсенбі таңертең Ресей дрондары Украинаның Харьков қаласына шабуыл жасады. Соңғы мәлімет бойынша, 27 адам зардап шекті, үшеуі – бала. Бұл туралы Харьков мэрі Игорь Терехов хабарлады.

Қаланың Шевченко ауданында шабуыл салдарынан көпқабатты үйдің пәтерлері өртенді. Слобода ауданы аумағында дрон балабақша мен сауда нысанын көздеген, шаруашылық құрылысы мен көлік өртенген.

Түнде Одесса қаласына дрондар шабуыл жасады. Шабуылдан кейін жаңадан салынып жатқан үй маңындағы күзет бөлмесі өртеніп, күзетші қаза тапты.

"Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері белсенді жұмыс істегенімен, қалада қираған ғимараттар бар, азаматтық инфрақұрылымға да зақым келді. Оның ішінде техникалық қызмет көрсету станциясы мен жеңіл көліктер бар" деді облыс әкімшілігінің басшысы Олег Кипер.

Киевте қаза болған, жараланған адам жоқ. Қаладағы бірнеше ауданда дрон қалдықтары құлап, үлкен диаметрлі жылу желісі, көліктер, ғимараттардың қасбеті мен терезелері зақымданған.

Днепропетровск облысында дрон шабуылы салдарынан үш адам жарақат алды. "Просяная ауылында жеке тұрғын үй секторында өрт шықты. Жалын 1500 шаршы метр тұрғын үй аумағын қамтыды" деп хабарлады Украина төтенше жағдайлар қызметі.

Ресейдің үш ірі әуежайында 400-дей рейс ұшпай қалды

6 шілде күні Мәскеу уақытымен 18:00-ге қарай Ресейдің үш ірі әуежайында — Мәскеудегі Шереметьево, Петербургтегі Пулково және Нижний Новгородтағы Чкалов (Стригино) әуежайларында 400-ге жуық рейс тоқтатылды не кешіктірілді. Бұл жөнінде Ресейдің көлік министрлігі хабарлады.

Министрлік мәлімдемесінде бұған себеп — Украинаның дрон шабуылы және қолайсыз ауа райы. Соған байланысты ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осындай шектеу енгізілген.

Шереметьевода 171 рейс белгісіз уақытқа кейінге қалдырылып, 56 рейс екі сағаттан астам уақытқа кешіктірілді. Пулководан 90 рейс тоқтатылып, 37-сі кешіккен. Нижний Новгородта — 26 рейс тоқтатылып, 13 рейс кешіккен. Көлік министрлігінің айтуынша, ең көп шектеу Чкалов әуежайында енгізілген.

Министрлік жағдай бақылауда екенін, әуекомпаниялардың күрделі жағдайда жұмыс істеуге жеткілікті ресурстары барын мәлімдеді.

Петербург пен Мәскеу арасында жүру үшін адамдар теміржолға жаппай билет сатып ала бастаған. Соның салдарынан билет таусылып, көп жұрт жолдан қалды.

Әлеуметтік желіде адам лық толы әуежай залының видеолары тарап жатыр.

5–6 шілдедегі әуе қатынасындағы коллапс әуекомпанияларға шамамен 20 миллиард рубльге шығын келтіруі мүмкін деп жазады "Коммерсант" сарапшылары.

Ресей қорғаныс министрлігі жексенбі кешінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері 48 украин дронын қағып түсіргенін мәлімдеді. Олардың тоғызы Мәскеу маңында, екеуі Ленинград облысы үстінде болған.

Тибет буддистерінің рухани көсемі Далай-лама 90 жасқа толды

Тибет буддистерінің рухани көсемі Далай-лама
Тибет буддистерінің рухани көсемі Далай-лама

Тибет буддистерінің рухани көсемі Далай-лама 6 шілде күні 90 жасқа толды. Қытайдың қарсылығына қарамастан, Далай-лама өзі дүниеден озғаннан кейін де реинкарнация дәстүрі жалғаса беретінін осы аптада растаған, деп хабарлады BBC медиасы.

Жексенбі күні мыңдаған тибет буддисі рухани көшбасшының туған күнін тойлауға Гималайдағы Үндістанның Дхарамсала қаласына жиналған. Тибет күнтізбесі бойынша Далай-ламаның туған күні арнап, оған ұзақ ғұмыр тілеген дұға айту апталығы өткен дүйсенбіде басталған, жексенбіде мерекелік шараға ұласты. Қалың жаңбырға қарамастан дәстүрлі киім киген, екі жағынан екі монах демеп ұстаған Далай-лама көпшілік алдына күлімсіреп шықты деп жазады BBC.

Шараға Үндістан үкіметінің министрлері, Голливуд актері Ричард Гир және мыңдаған діндар буддистер ондаған жылдар бойы қуғында жүрген, әлемдегі бейбітшілікті жақтаушы тұлға ретінде танылған Далай-ламаға құрмет танытуға жиналды.

Осының қарсаңында, сенбі күні өткен салтанатты шарада Далай-лама өз ізбасарларына "денсаулығы жақсы күйде" екенін айтып, тағы 40 жыл, яғни бұған дейін өзі айтқан болжамынан жиырма жылға артық өмір сүретінін жеткізген.

Әдетте туған күнін атап өтпейтінін айтқан Далай-лама дегенмен осы сәтті жан тыныштығы мен жанашырлық жайлы ойлануға себеп еткендерге алғыс білдірді.

Ол өзін "қарапайым будда монахымын" деп атап, 90 жасқа жетіп, өткен өміріне көз жүгірткенде, ештеңеге өкінбейтінін айтқан.

"Материалдық даму үшін еңбек ету маңызды болғанымен, ең бастысы – өзіңе жақын әрі қымбат жандарға ғана емес, баршаға жанашырлық пен мейірімділік арқылы жан тыныштығына жетуге ұмтылу", – деген Далай-лама туған күніне орай жариялаған үндеуінде.

  • Тибет діни түсінігі бойынша, жоғары дәрежелі будда монахы қайтыс болғаннан кейін оның жаны кішкентай баланың денесіне ұялап, қайта дүниеге келеді (реинкарнация) деп саналады. Бұған дейін Далай-лама өзі дүниеден озғаннан кейін жаны "еркін әлемдегі", яғни Қытайдан тыс жердегі адам баласына қонады деп айтқан. Қазіргі XIV Далай-лама ұзақ уақыт бойы Қытай үстемдігіне қарсы тұрып, Тибеттегі диаспораның автономия үшін күресіне жетекшілік етті. 2011 жылы наурызда Далай-лама қуғындағы Тибет үкіметінің саяси жетекшісі қызметінен кететінін, алайда Тибеттің рухани көсемі болып қала беретінін жариялаған.
  • Тибетті 1950 жылы басып алып, содан бері билік жүргізіп келе жатқан Қытай оны өзінің ажырамас бөлігі санайды. 1959 жылы Пекиннің өктемдігіне қарсы көтеріліс сәтсіз аяқталғаннан кейін Тибеттен Үндістанға қашқан Далай-ламаны Қытайдың коммунистік билігі сепаратист деп атайды. Пекин Далай-ламаның мұрагері діни салт-жоралғылар мен тарихи дәстүрлерге сәйкес, Қытай заңдары негізінде таңдалуы керек әрі оны Қытай үкіметі мақұлдауы тиіс дегенді алға тартады.

Аятолла Әли Хаменеи 13 маусымнан бері алғаш рет жұрт алдына шықты

Иранның жоғарғы көшбасшысының кеңсесі таратқан суретте аятолла Әли Хаменеи (оң жақта) Ашура күні (5 шілде) Тегеранда өткен шарада отыр деп көрсетілген.
Иранның жоғарғы көшбасшысының кеңсесі таратқан суретте аятолла Әли Хаменеи (оң жақта) Ашура күні (5 шілде) Тегеранда өткен шарада отыр деп көрсетілген.

Иранның ең жоғарғы рухани басшысы аятолла Әли Хаменеи 5 шілде күні Тегеранда шииттердің Ашура күніне арналған діни шараға қатысты. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. Хаменеидің қатысуымен өткен жиыннан түсірілген бейнежазба Иранның мемлекеттік телеарнасынан көрсетілген. Онда 86 жастағы Хаменеидің өзін қолпаштап айғайлаған адамдарға қол бұлғап тұрғаны көрінеді.

Бұл – Израиль Иранға қарсы қарқынды әуе шабуылын бастаған 13 маусымнан бері Әли Хаменеидің алғаш рет жұрт алдына шығуы. 12 күнге созылған қарулы қақтығыс барысында Израиль шабуылдарынан Иранның жоғары лауазымды әскери жетекшілері мен ядролық бағдарламасына қатысы бар делінетін бірнеше ғалымы қаза тапты. Осы уақыт ішінде Хаменеи "қауіпсіз жерде" болған. Кейбір басылымдар, сарапшылардың сөзіне сүйеніп, Хоменеи арнайы бункерде жасырынып отыр деп жазды.

Израиль шабуылдары жалғасып жатқан кезде Иранда Хаменеидің алдын ала жазылып қойылған видеоүндеулерді таратылды, бірақ өзі көпшілік алдына шығып сөйлеген жоқ.

Израиль шабуылына қарымта ретінде Иран Израиль аумағын зымырандармен және дрондармен атқылады. Екі елдің арасындағы қарулы жанжалға 22 маусымда АҚШ араласып, Иранның үш ядролық нысанын бомбалады. Содан екі күннен кейін Иран алдын ала ескерте отырып, Қатардағы америкалық әскери базаға шабуыл жасады.

24 маусымда Израиль мен Иран атысты доғару жайлы АҚШ-тың ұсынысына келісім берді. 26 маусымда жарияланған бейнеүндеуінде Әли Хаменеи Иран Израиль мен АҚШ-ты жеңді деп мәлімдеді. Кейінірек АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның жоғарғы көшбасшысын "масқара өлімнен құтқарып қалғанын" айтты.

Илон Маск жаңадан "Америка партиясы" құрылатынын жариялады

Миллиардер Илон Маск
Миллиардер Илон Маск

Миллиардер Илон Маск "Америка партиясы" деп аталатын жаңа саяси ұйым құрылатынын хабарлады. Мұндай шешімді ол Х әлеуметтік желісінде өткізген сауалнама қорытындысы бойынша қабылдаған.

"Тәуелсіздік күні – екі партиялы (кейбіреулер бір партиялы дер еді) жүйеден тәуелсіз болғыңыз келе ме деп өзіңізге сұрақ қоюға ең қолайлы сәт!" – деп жазды Маск 4 шілде күні.

Оның айтуынша, бұл мақсатқа жетудің бір жолы – "Сенаттағы екі-үш орынға және Өкілдер палатасындағы сегіз-тоғыз округке шоғырлану" дұрыс болмақ. "Бұл – даулы заңдардың халықтың шынайы еркіне сай қабылдануын қамтамасыз етуге жеткілікті болар еді", – деп мәлімдеді Маск.

Сауалнамаға қатысқандардың 65 пайыздан астамы жаңа партия құруды қолдаған. Келесі күні миллиардер партия құрылатынын ресми түрде жариялады.

Бұл – Илон Маск пен АҚШ президенті Дональд Трамптың арасына жік түскеннен кейін болып жатқан оқиға. Екеуінің көпшіліктің көзінше айтысуы Маск Үкімет тиімділігі департаменті басшысы қызметінен кеткен соң басталған. Ол Трамп ұсынған бюджет және салық жеңілдіктерін ұзарту туралы заң жобасына ашық наразылық білдірді. Трамп "үлкен әрі тамаша заң" деп атаған ол заңға Маск "сұмдық жиіркенішті" деген баға беріп, бұл құжат АҚШ-тың онсыз да орасан зор мемлекеттік қарызын күрт ұлғайтады деп мәлімдеді.

3 шілде күні АҚШ Конгресі осы заң жобасын мақұлдап, Трамп оған Америка Құрама Штаттарының Тәуелсіздік күні қол қойып, заң етіп бекітті.

  • Заңда қорғаныс шығындарын ұлғайту, мигранттарды жаппай депортациялауға қаржы бөлу және жалпы құны 4,5 триллион доллар болатын салық жеңілдіктерін ұзарту көзделген. Сонымен қатар, әлеуметтік бағдарламалар – оның ішінде федералды азық-түлік көмегі мен аз қамтылған азаматтарға арналған Medicaid мемлекеттік медициналық сақтандыру бағдарламасы күрт қысқарады. Кейбір сарапшылардың бағалауынша, 12 миллионға дейін америкалық азамат медициналық сақтандырудан айырылуы мүмкін.
  • Шығындарды қаржыландыру жасыл энергетика мен электрлі көліктерге арналған субсидияларды жою арқылы ішінара қамтамасыз етілмек. Бұл шешім Трамп пен Маск арасында ашық дау туғызды. Маск бұл әрекетті "болашаққа балта шабу" деп атап, Ақ үйді әлеуметтік желілерде қатты сынға алды.

Тағы

XS
SM
MD
LG