Мәскеуде мигранттарға жүргізілген рейдтер барысында 500-ден астам адам ұсталған

Мәскеудегі хостелдердің бірінде рейд жүргізіп жатқан полицияның арнайы жасағы (көрнекі сурет).

Мәскеу қаласында құқық қорғау органы өкілдері "заңсыз миграцияны анықтап, оның жолын кесу" мақсатында хостелдер мен намазханаларда рейд жүргізген. Шара жөнінде Мәскеу қаласы бойынша Тергеу комитеті хабарлады.

Жүргізілген рейдтер нәтижесінде 500-ден астам адам тексеру үшін полицияға жеткізілген. Ресейге кіру және сол елде болу ережелерін бұзғаны үшін 30-дан астам адам әкімшілік жауапқа тартылып, Ресейден шығарылған. "Настоящее время" сайтының дерегінше, Мәскеуде ұсталғандардың бірі – іздеуде жүрген шетел азаматы екені анықталған.

Тергеу комитеті рейдтер қашан өткенін және қай елдің азаматтары елден шығарылғанын нақтылап айтпады.

2024 жылдың наурыз айында Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залында болған терактіден кейін, Ресей тергеу органдары ол қылмысқа күдікті ретінде Тәжікстанның бірнеше азаматын атаған соң, елде шетел азаматтары мен еңбек мигранттарына қатысты саясат күрт қатайған. Бұған қоса, құқық қорғау органдары ұлтшылдық ұстанымдағы "Орыс қауымдастығы" ұйымының өкілдерімен бірлесіп, базарларда, мешіттерде, моншалар мен дәмханаларда үнемі рейдтер өткізіп тұрады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Өзбекстан Мәскеудегі мигранттарға қарсы рейдке байланысты "қынжылыс пен алаңдаушылық" білдірді
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бес сағат бойы ұрып-соқты, қорлады". Мәскеу моншасындағы оқиға: қырғыз азаматының көргені