Қазақстан бокс құрамасы медаль саны бойынша World Boxing-те екінші орынға шықты

Боксшы Айбек Оралбай Париж олимпиадасында. 2024 жыл.

Бокстан Қазақстанның ұлттық құрамасы World Boxing-те медаль саны бойынша екінші орынға көтерілді. Бұл жөнінде Vesti.kz жазды. Астанада өткен турнирде айқын басымдықпен көш бастаған соң Қазақстанның көрсеткіші жақсарған. Жексенбі, 6 шілде аяқталған турнирде ел боксшылары 8 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль алды. Қазақстан құрамасынан алтын медаль алған спортшылар:

  • Санжар Тәшкенбай (50 кг)
  • Махмұд Сабырхан (55 кг)
  • Сабыржан Аққалықов (75 кг)
  • Бекзат Нурдәулетов (85 кг)
  • Айбек Оралбай (90 кг-нан жоғары)
  • Назым Қызайбай (48 кг)
  • Виктория Графеева (60 кг)
  • Наталья Богданова (70 кг)

Соның арқасында Қазақстан әлем кубогының жалпы медаль есебінде бесіншіден екінші орынға көтерілді. Құрама қожынында қазір жалпы 11 алтын, 7 күміс, 7 қола медаль бар.

Көш басында Өзбекстан құрамасы тұр, оның нәтижесі: 12 алтын, 4 күміс, 11 қола медаль. Үшінші орында Польша, төртінші – Бразилия, бесінші – Италия келеді.

World Boxing бойынша әлем кубогының бұдан бұрынғы кезеңдері биыл Бразилия мен Польшада болған. Үшіншісі Қазақстанда өтсе, төртіншісі биыл қарашада Үндістанда ұйымдастырылмақ.

World Boxing боксты 2028 жылы Лос-Анд\желесте өтетін Олимпиада бағдарламасына енгізу мақсатында IBA-дың (Халықаралық бокс қауымдастығы) баламасы ретінде құрылған. Ұйымның сайтындағы ақпаратқа сәйкес, 2023 жылы қарашада құрылғанда оның құрамында 27 ел болса, қазір World Boxing-ке 111 елдің ұлттық құрамасы кіреді. Оның олимпиада комиссиясын әйгілі қазақстандық боксшы Геннадий Головкин басқарады.