Қазақстанның оңтүстігінде жер сілкінді

8 шілде күні Қазақстанның оңтүстігіндегі Жамбыл облысы аумағында жер сілкінісі сезілген.

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы сейсенбі күні Астана уақытымен 14 сағат 30 минут 53 секундте тіркелген жер сілкінісінің ошағы Алматы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 334 шақырым қашықта болды деп хабарлады.

Орталық мәліметінше:

  • Аса, Мойынқұм, Қордай, Бауыржан Момышұлы, Тұрар Рысқұлов ауылдарында және Қаратау қаласында – 2 балл;
  • Тараз қаласы, Шу кенті, Сарыкемер, Төле би ауылдарында – 3 балл;
  • Құланда – 4 балл;
  • Меркеде – 5 балл болатын жерасты дүмпуі сезілген.

Төтенше жағдайлар министрлігі дүние-мүлікке залал келгені немесе адамдар зардап шеккені жайлы ақпарат түспегенін айтты.