Ресей армиясы бас штабы бастығының бұрынғы орынбасары 17 жылға сотталды

Ресей қарулы күштері бас штабы бастығының бұрынғы орынбасары генерал-полковник Халил Арсланов

7 шілде күні Ресейдегі 235-гарнизондық әскери сот Ресей қарулы күштері Бас штабы басшысының бұрынғы орынбасары, генерал-полковник Халил Арсланов 17 жылға бостандығынан айырып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуді және сотталушыға шамамен 25 миллион рубль айыппұл салуды міндеттеді. Мұндай ақпаратты ТАСС агенттігі хабарлады. Мемлекеттік айыптаушы соттан Арслановқа 19 жыл түрме жазасын сұраған.

Әскери сот Халил Арслановты аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны және 12 миллион рубльден астам пара алғаны үшін айыпты деп таныған.

Халил Арсланов 2013 жылдан 2020 жылға дейін Ресей қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары және Байланыс бас басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. Ол 2020 жылдың ақпан айында, Ресей Украинаға қарсы ауқымды соғыс ашардан екі жыл бұрын ұсталып, қамауға алынған. Сол жылдың сәуір айында қызметінен ресми түрде босатылған.

Тергеу қорытындысы бойынша, Арсланов және осы іске байланысты айып тағылған басқа да адамдар "Воентелеком" компаниясымен спутник байланысы жабдықтары мен мониторинг орталықтарын қымбат бағада жеткізу жөнінде мемлекеттік келісімшарттар жасасқан. Арсланов өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Бұған қоса, Ресей қарулы күштеріне "Азарт" радиостанцияларын жеткізу барысында алаяқтық жасау дерегі бойынша Арслановтың үстінен тағы бір қылмыстық іс қозғалған, ол істің тергеуі әлі жалғасып жатыр.

Әскери қызметін 1981 жыл бастаған Халил Арсланов генерал-полковник шеніне дейін өскен. Ол Сириядағы соғысқа да қатысқан.

Кейінгі бір жыл ішінде Ресейдің қорғаныс министрлігі мен армиясының бірқатар жоғары шенді өкілдерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бірақ Арсланов ісі бұл істермен тікелей байланысты емес, ол әлдеқайда бұрын ісі болып, Украинаға қарсы соғыс басталмай тұрып қамауға алынған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресейде "Росгвардия" басшысының бұрынғы орынбасары тұтқындалды