Дүйсенбі таңертең Ресей дрондары Украинаның Харьков қаласына шабуыл жасады. Соңғы мәлімет бойынша, 27 адам зардап шекті, үшеуі – бала. Бұл туралы Харьков мэрі Игорь Терехов хабарлады.
Қаланың Шевченко ауданында шабуыл салдарынан көпқабатты үйдің пәтерлері өртенді. Слобода ауданы аумағында дрон балабақша мен сауда нысанын көздеген, шаруашылық құрылысы мен көлік өртенген.
Түнде Одесса қаласына дрондар шабуыл жасады. Шабуылдан кейін жаңадан салынып жатқан үй маңындағы күзет бөлмесі өртеніп, күзетші қаза тапты.
"Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері белсенді жұмыс істегенімен, қалада қираған ғимараттар бар, азаматтық инфрақұрылымға да зақым келді. Оның ішінде техникалық қызмет көрсету станциясы мен жеңіл көліктер бар" деді облыс әкімшілігінің басшысы Олег Кипер.
Киевте қаза болған, жараланған адам жоқ. Қаладағы бірнеше ауданда дрон қалдықтары құлап, үлкен диаметрлі жылу желісі, көліктер, ғимараттардың қасбеті мен терезелері зақымданған.
Днепропетровск облысында дрон шабуылы салдарынан үш адам жарақат алды. "Просяная ауылында жеке тұрғын үй секторында өрт шықты. Жалын 1500 шаршы метр тұрғын үй аумағын қамтыды" деп хабарлады Украина төтенше жағдайлар қызметі.