Ресейде бүгін отставкаға кеткен министрдің мәйіті табылды

Роман Старовойт, 2019 жыл.

Бүгін отставкаға кеткен Ресейдің бұрынғы көлік министрі Роман Старовойт өлі күйінде табылды. Бұл туралы "Коммерсант" газеті мен Shot және "112" телеграм-арналары хабарлады. Тергеу комитеті шенеунік қаза тапқанын растады.

"Бүгін Одинцово қалалық округінде жеке автокөліктен Ресей Федерациясының бұрынғы көлік министрі Роман Владимирович Старовойттың оқ жарақатын алған мәйіті табылды" делінген ведомство хабарламасында. Мәйіттің қасында қару жатқан.

Өлім себептері нақты айтылмайды. Кей ақпарат құралдары ол тіпті отставкаға жіберілерден бұрын-ақ өмірден еткен болуы мүмкін деген дерек келтірді.

Mash арнасының жазуынша, экс-министр қозғалған қылмыстық іске бола өз-өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін. Арна дереккөзіне сүйенсек, Старовойт аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікке ілінген.

"Коммерсант" басылымы дереккөзінің айтуынша, Украинамен шекарада қорғаныс нысандарын салуға бөлінген кемінде 1 миллиард рубльді жымқыру ісінің фигуранттары Старовойтқа қарсы куәлік берген. Олардың арасында Курск облысының бұрынғы губернаторы Алексей Смирнов та бар деген ақпарат бар.

Mash арнасы "Тергеу Роман Старовойттың облыс ауруханаларына дәрі-дәрмек сатып алу саласындағы заңбұзушылықтарға және Курскідегі сәтсіз көлік реформасына қатысы бар-жоғын да тексеріп жатыр" деп хабарлайды.

Ресей президенті Роман Старовойтты 7 шілде қызметінен босатқан. Ол көлік министрі қызметіне былтыр мамырда тағайындалған. Мұның алдында ол Курск облысының губернаторы қызметін атқарған.