Түркия соты екі түркімен блогерін депортациялау жайлы шешім шығарды

Түркімен блогерлері Әлішер Сахатов (сол жақта) пен Абдулла Орусов. (turkmen.news фотосы)

Түркияның Самсун қаласындағы алғашқы сот инстанциясы екі түркімен блогерін — Әлішер Сахатов пен Абдулла Орусовты депортациялау туралы шешім шығарды. Шешім 13 маусымда қабылданғанымен, адвокатты ол жөнінен тек 27 маусымда хабардар еткен. Мұндай ақпаратты адам құқықтарын қорғайтын Түркімен Хельсинки қоры (ТХҚ) таратты.

Қор қызметкерлері құжаттармен танысқаннан кейін, екі сот шешімінің бір-біріне тым ұқсас екенін, кейбір сөйлемдер тіпті сөзбе-сөз көшірілгеніне назар аударған.

Әлішер Сахатов халықаралық қорғау сұраған өтінішін 2023 жылғы 27 сәуірде берген. Кейін оған G-82 шектеу коды (Түрік Республикасы ұлттық қауіпсіздігіне қарсы бағытталған әрекет – ред.) бойынша елге кіруге тұрақты тыйым салынған.

"Талапкердің Түркияда заңды түрде тұруға құқығы жоғы ескеріліп, оны депортациялау шешімі қолданыстағы заңға қайшы келмейді деп танылды. Сонымен қатар, талапкердің Отанына оралған жағдайда қатыгездікке немесе қудалауға тап болу мүмкін екені жайлы айтқан уәждері негізсіз деп танылды", – сот шешімінде осылай жазылған.

Абдулла Орусов халықаралық қорғау сұраған өтінішін 2023 жылғы 3 шілдеде берген. Оған да тура әлгіндей код енгізіліп, Түркияда заңды тұруға құқығы жоқ деген байлам жасаған. Оның ісі бойынша да түрік билігі "талапкер депортацияланған жағдайда өлім жазасына не азаптауға ұшырамайды я басқадай жамандық көрмейді" деген ұйғарым шығарған.

Түркімен блогерлерінің адвокаты Самсун қалалық соттың бұл шешімін Түркияның Конституциялық сотында дауламақ.

Биыл маусымның 25-26-күндері екі белсендінің өздерін депортация орталығында ұстау жайлы билік шығарған шешімнің күшін жоюды сұрап берген өтінішін сот түбегейлі түрде қанағаттандырмай тастады.

Бұған дейін, 3 маусымда, Азаттық Азия Өмер Фарук Гергерлиоғлу есімді түрік саясаткері әрі құқық қорғаушысы баспасөз мәслихатында Әлішер Сахатов пен Абдулла Орусовты депортациялаудың дереу алдын алуға үндеді деп хабарлаған.

"Түрікменстанда демократия жоғын күллі әлем біледі. Ал Түркия болса, оппозициялық түркімендерді Түрікменстанға қайтарады, оларды депортациялық орталыққа қамайды," – деп мәлімдеген Гергерлиоғлу.

Әлішер Сахатов YouTube желісінде Erkin Garaýyş ("Еркін көзқарас") арнасын жүргізіп, Түркиядағы отандастарының мәселелерін көтеріп, Түркіменстан билігін сынға алған. Ол 2018 жылы Түркияға әйелі мен балаларымен бірге қоныс аударған.

Абдулла Орусов әлеуметтік желілерде түркімен шенеуніктерінің билікті асыра пайдалану оқиғаларын әшкерелеп жүрген.

Сахатов пен Орусов биыл 28 сәуірде Түркияның Синоп қаласында ұсталып, Анкарадағы депортация орталығына жеткізілген. Turkmen.news басылымы өз дереккөздеріне сүйеніп, қамаудағы белсенділер Түркиядан баспана сұрағанын жазды. 5 мамырда оларға халықаралық қорғау көрсетуден бас тартылғаны туралы ресми хабарлама табыс етілген.

Түркімен Хельсинки қорының мәліметінше, Түркия билігі оларды "Шетелдіктер мен халықаралық қорғау туралы" заңның 54-бабының d) және i) тармақтарына сүйене отырып Түркіменстанға депортацияламақ.

Бұған дейін Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Түркия билігін түркімен блогерлерін депортацияламауға үндеп, Түркіменстанда оларды азаптау және әділетсіз сотқа тарту қаупі барын айтқан.

Адам құқықтары бойынша халықаралық әріптестік және Түркімен адам құқықтары бастамасы ұйымдары Түркіменстандағы құқықтар мен бостандықтар жағдайына арналған шолуында да белсенділерді елге қайтару қылмыстық қудалауға ұласуы мүмкін деп ескерткен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркияда түркіменстандық белсенді Үмида Бекжанова ұсталған